18 қазан күні Ақтаудағы №9 мектеп оқушылары маңғыстаулық жазушы, журналист Әбілқайыр Бақытұлы Спанмен кездесті. Бұл іс-шара "Тамаша адамдар үлгісімен" медиа жоспары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жиын барысында жоғары сынып оқушылары жазушының өмірбаянымен танысып, шығармашылығы туралы сөйлесті. Кездесу барысында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрия Озғанбаева Әбілқайыр Бақытұлына арнап жазылған өлеңін оқыды.
- Бұл іс-шара қалалық білім бөлімінің "Тамаша адамдар үлгісімен" медиа жоспарына сай ұйымдастырылды. Мектепте осы секілді кездесулерді жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Маңғыстаулық шығармашылық тұлғалармен кездесу – жастарға үлгі болып, үлкен өмірге бағдар беруге көмектеседі,- деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Толқын Достанова.
Жиын барысында мектеп ұстаздарының бірі Ақмарал Ахметова жазушының шығармасын талдады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен Әбілқайыр Спан түрлі тақырыпта сөз қозғап, жазушы өз батасын берді.